Мен кім едім, кім едім?
Қазақ деген ел едім,
Қанжармен тарап шашымды,
Қарашамды жебе едім.
Мен - Қазақ деген алдаспан,
Алты Алаштың басы едім.
Омырауымды оқ тескен,
Оғыздың шерлі жасы едім.
Бұлаң бір санды бура едім,
Кеудеме намыс қайнатқан.
Астыма мінген жүйріктің,
Желкесін желге шайнатқан.
Алдымдағы дұшпанға,
Ақ жебе болып атылдым.
Мен – Қазақ деген баһадүр,
Мен – Қазақ деген батырмын!
Қайырмасы:
Бабалардың көзі,
Жүрегімнің сөзі,
Жалғызымның өзі -
Қазақстан!
Айдын шалқар көлі,
Жазиралы жері,
Жерұйығым менің,
Қазақстан!
Сақтардың сансыз мүрдесі,
Сарғайған анау әр төбе.
Ұрпақтың жолы – ұлы жол,
Ұлт үшін өлу – мәртебе.
Атаның жолын қумаса,
Айтпайды оны «ұлым» деп,
«Ұлтым» деп туған жігітке
Ұжданнан биік ұғым жоқ.
Жүрегім жұмсақ баршаға,
Пейілім дархан даладай.
Өмірім мөлдір бұлақтай,
Көңілім сәби баладай.
Әр сөзім гауһар, жақұттай,
Жұлдыздай жанған ғарыштан.
Мен – Қазақ деген кемеңгер,
Мен – Қазақ деген данышпан!
Қайырмасы:
Бабалардың көзі,
Жүрегімнің сөзі,
Жалғызымның өзі -
Қазақстан!
Айдын шалқар көлі,
Жазиралы жері,
Жерұйығым менің,
Қазақстан! -