Ұлы жүзім ұлылықтың шыңысың
Орта жүзім ортаймаған ырысым
Дұшпанының қақ бөлетін қалқанын
Кіші жүзім қайыспайтын қылышым
Бір қазақтың баласымыз бәріміз
Жанын берер алаш үшін, ту үшін!
А-еей
Ұлы жүз
БАХТИЯР
Көмейлен жырды ақтара
Айтайын енді мақтана
Сары Үйсінге бағзыдан
Басына қонған бақ дара
Жалайыр мен Сіргелім
Сарқылмайтын жыр кенім
Кеудемде қалған жаттала
Қаңлы менен Ошақтым
Алты Алашқа атақтым
Жазылған тарих тақтаға
Шапырашты деп сөйлесем
Қалмайды әсте жақ тала
Албан, Суан, Дулатым
Датын айтқан тайсалмай
Төрелер мен датқада
Шанышқылыдай күштім бар
Додаға түскен баптала.
Ырысы Дария Ыстым бар
Сыйынғаны Хақ қана.
Қонақжай елден айналдым.
Қонағын күтер шаттана.
Есігін ашар Ұлы жүз
Жақыны түгілі жатқада.
Ұлы жүзім ұлылықтың шыңысың
Орта жүзім ортаймаған ырысым
Дұшпанының қақ бөлетін қалқанын
Кіші жүзім қайыспайтын қылышым
Бір қазақтың баласымыз бәріміз
Жанын берер алаш үшін, ту үшін!
А еей
Орта жүз
АҚЖОЛ
Алмас тілін сермеген
Ар - намысын бермеген.
Арда туған Арғыным
Тұлпары кетпес кермеден.
Қоңырат пен Найманның
Бойында жалын сөнбеген.
От жүректі Қыпшағым
Атағы өрге өрлеген.
Ақ көңілді Керейім
Қазаққа біткен мерейім
Пейілі дархан кең дер ем.
Сөздің оғын атқанда
Шешен халық Уағым.
Мүлт кетпеген мерген ең
От ауызды Тарақтым.
Дұшпанын жырмен жерлеген
Өнерлі жұртым Орта жүз.
Өлеңмен мүсін зерлеген
Қара сөзді құндақтап.
Жыр бесігін тербеген!
Ұлы жүзім ұлылықтың шыңысың
Орта жүзім ортаймаған ырысым
Дұшпанының қақ бөлетін қалқанын
Кіші жүзім қайыспайтын қылышым
Бір қазақтың баласымыз бәріміз
Жанын берер алаш үшін, ту үшін!
Қожаларым хақ дінімнің кілті еді
Атағынан алыстағы үркеді.
Төре Сунақ Ноғай Қырғыз Төлеңгіт
Қазағым деп барын салар жұрт еді.
А еей
Кіші жүз.
АЛДИЯР
Қазағым деп ту алған
Жауды да көрсе қуанған.
Алты аталы Әлімім
Кете менен Төртқара.
Асуда асу шың алған
Қаракесек Шектімен.
Қарасақал Шөмекей
Азуы өткір дүр арлан.
Он екі ата Байұлы
Адай менен Алаша.
Дуды да көрсе сұранған
Ысық Жаппас Берішім.
Тана мен Tаз ел үшін
Қан майданда сыналған.
Қызылқұрт Шеркеш Масқарым
Таусылмайтын дастаным.
Есентемір Байбақтым
Қазағымның аспанын.
Сейілткен қара тұманнан
Жетіруда Табын бар.
Биік ұшқан қыраннан
Жағалбайлы Рамадан.
Кердері Телеу Тамадан
Кеудесінде от ойнап.
Нұр шашылған шырағдан
Жігерленген Керейітім.
Алаш деген ұраннан
Адырнасын идіріп.
Сұр жебесін шығарған
Баhадүр жұртым Кіші жүз.
Қылышын қанға суарған!
Ұлы жүзім ұлылықтың шыңысың
Орта жүзім ортаймаған ырысым
Дұшпанының қақ бөлетін қалқанын
Кіші жүзім қайыспайтын қылышым
Бір қазақтың баласымыз бәріміз
Жанын берер алаш үшін, ту үшін!