Өмірге келеді адам қайту үшін,
Аллаға сансыз шүкір айту үшін.
Тәніңді тапсырғанда қара жерге,
Қасыңа бірге жатар қай туысың?!.
Қоштасар жаным деген жарыңыз да,
Айналып қайғысы мен зары мұзға.
Өлгенде ол да саған дос болмайды,
Әйтеуір серік болар барыңызда.
Балаң да еріп бармас, жырақ қалар,
Қолынан бар келгені жылап қалар.
Кезегі келген кезде келмес жақтан,
Ол дағы мәңгілікке тұрақ табар.
Ажалдың кеткен кезде уысында,
Досың да алып қалмас туысың да.
Ешкімге имей кеткен ғазиз басың,
Шіриді қара жердің қуысында.
Сондағы сенгеніміз малымыз ба?
Ол дағы жолай алмас маңымызға.
Жоқ әлде өлген кезде тірек болар,
Атақ, даңқ, тәжіңіз бен тағыңыз ба?..
Қараша келген кезде солған гүлдей,
Араша болмас олар жаныңызға.
Шыққанда өмір дейтін жолыңыздан,
Осының бәрі үзілер қолыңыздан.
Мыңғырған жылқы, сиыр, қойларыңыз,
Олар да еріп бармас соңыңыздан.
Басыңнан өткен кезде заманыңыз,
Өшеді жарық көрер жанарыңыз.
Сол кезде сізбен бірге еріп барар,
Жасаған тірлігіңде амалыңыз.
Аллаға деген берік иманыңыз,
Сол болар қалқаның мен қамалыңыз.
Бұл өмір өте шығар көш емес пе,
Түспейік сондықтан да бос егеске.
Оқыған намазың мен оразаңыз,
Құдайдың бізге берген хошы емес пе.
Зекетің, барып келген қажылығың,
Жаныашыр жолдастарың осы емес пе.
Мал да емес, байлық емес, туыс та емес,
Пендеге иман мәңгі дос емес пе.