Сағынып, сарылып, жолыңа қарайладым,
Алдамшы жалғанда бармысың арайлы әнім?
Жанымды гүлге бөлеп, сағынса бір келер деп,
Өтті ғой зарығып сан жылдар, сан айларым.
Қайырмасы:
Көктемнен сұрадым көгілдір махаббаттан,
Жаздан да сұрадым мөп-мөлдір жанар ақ таң.
Айтпады бәрі де, айтпады мәңгіге,
Тек менің сағынышым қалады артта.
Маусымдар алмасып, жалғасып таңдар ұзақ,
Алыстап барады, қалады арман жырақ.
Елітіп бөтен күйге, өзіңсіз өтер дүние,
Керуендей бұйдасыз Бетпақта қалған шырақ.
Қайырмасы:
Күзден де сұрадым сарғайған сағыныштан,
Қыстан да сұрадым маңдайдан зәрі қысқан.
Айтпады бәрі де, айтпады мәңгіге,
Аспайтын өмір екен жазмыштан.