Қайырмасы:
О-о-о-о, Дүние-ай!
Сағындым, Жексенұлым, Қосшығұлым,
Өзекті жарып шыққан қос шыбыным.
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін.
Қырық жыл ен сап жүрмін қозы-лаққа,
Сендерге бәсіре деп өзі жоқта.
Ірімшік, құрт-майымды сақтап жүрмін,
Бір тойың болады деп осы жақта.
Қызылсай қырат-қырат белесі көп,
Белесте қос қозымның елесі көп.
Білемін, өлім бар ғой, өле алмаймын,
Өйткені мал-мүлкіңнің егесі жоқ.
Қайырмасы:
О-о-о-о, Жалған-ай!
Жексенқұл, Қосшығұлым, қарақтарым,
Малыңды алсаңшы кеп санап бәрін.
Анаңды жынды атаған бұл ағайын,
Әкетер көзім жұмсам талап бәрін.
Сендерсіз мына қу үй қыстай екен,
Баласын жылан жұтқан құстай екен.
Қырық жыл аңыраған арманымды,
Қалайша қанат қылып ұшпай өтем.
Қара шаш аппақ бүгін қырау болды,
Дүние белгісі жоқ сұрау болды.
Әр күнім тойға арналған малың бағып,
Әр түнім ағыл-тегіл жылау болды.
Қайырмасы:
О-о-о-о, Жалған-ай!
Көңілім мұнша неге қоңырлайды,
Торлап бір алғаны ма өмір-қайғы.
Атасу сағындырған Аспараға,
Қос қозым неге келіп шомылмайды.
Мен қайда, сендер жүрген қиыр қайда,
Дүние шектігі жоқ шиырлайды.
Егер де мәңгілікке көзім жұмсам,
Қос уыс топырағың да бұйырмай ма?
Күн қайда терлеп ішер қызыл шайды,
Тер емес, көздің жасы жүзім шайды.
Жексенқұл. Қосшығұлым кеп қалды ма,
Аралап қайтайыншы Қызылсайды...
Алтынбек Қоразбаев